Жарсай ауылында тұрғындармен кездесу өтті

Қобда аудандық мәслихатының төрағасы Ерғалиев Жанболат Қанатбайұлы мен аудандық мәслихатының депутаты Мурзабеков Жандос Нұранұлы Жарсай ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Жанболат Ерғалиев аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтып, әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, халықпен кері байланысты нығайту және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жандос Нұранұлы ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, ауыл халқы өз округтерінен сайланған депутат Мурзабеков Жандос Нұранұлына көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғыстарын айтып, зор ризашылықтарын білдірді.