Жұмысшы құқығын қорғайды
Ақтөбедегі «SUNQAR» ЖШС жұмысшыларымен жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Жиынға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Басқосуда облыстық мәслихат депутаты Әлібек Базарғалиев республикалық референдумның маңызы мен мақсаты, стратегиялық басым бағыттары, жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамдарының құқығы, тұрғын үй мәселелері туралы айтты.
— Заң ең алдымен адам үшін, халықтың игілігі үшін қызмет етуге тиіс. Әсіресе еңбек адамының құқығы мен мүддесі әрдайым басты назарда болуы қажет. Тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік қолдау, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайы — мұның барлығы заңмен қорғалады. Жұмыс беруші тек еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етумен шектелмей, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да жауапты. Бұл — заман талабы әрі заң талабы. Бүгін біз құрылыс саласының мамандарымен кездесіп отырмыз. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндіріп, оның қарапайым еңбек адамдарына беретін мүмкіндіктері мен кепілдіктерін айтамыз. Халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек адамын қорғау және әділетті қоғам қалыптастыру — біздің басты міндетіміз, — деді Әлібек Базарғалиев.

Ал облыстық мәслихат депутаты Раушан Жәлімбетова азаматтардың цифрлық құқықтарына қатысты негізгі жаңашылдықтарға ерекше тоқталып, алғаш рет Конституция деңгейінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау нормасы бекітілетінін еске салды. Оның айтуынша, барлық сала цифрландырылып жатқан кезеңде бұл — аса маңызды қадам.
— Күн сайын жаңалықтардан алаяқтық тәсілдердің барған сайын күрделеніп бара жатқанын көріп жүрміз. Қылмыскерлер азаматтардың жеке деректері мен жинақ қаражатына қол жеткізу үшін цифрлық технологияларды, әлеуметтік желілерді, жалған нөмірлерді пайдаланады, — деген депутат азаматтардың цифрлық құқығы жөнінде кеңінен түсіндірді.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Дәурен Жанажанов жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарына тоқталды.
Жиын соңында серіктестік жұмысшылары сұрақтарын қойды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.