Жаңалықтар

Болашақ — атом электр стансаларында


Энергетика

Атом электр стансасы туралы бірнеше сарапшы маманның пікірін ұсынсақ.

«Қазақстанның салалық энергетиктер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Бекбас:

«Атом электр стансасын салудан қорқатын ештеңе жоқ. Қазақта «қорыққанға қос көрінеді» деген сөз тіркесі бар. Радиация бар. Дегенмен әлемде 360 МВт-тық бірінші АЭС 1966 жылы Швецарияның Вицнау қаласында салынды. Содан бері 52 мемлекетте АЭС бар, 400-ден астам реактор жұмыс істеп тұр. Әр мемлекетте радиоактивті қалдықтарды көметін орны бар. Тіпті Қазақстанның өзінде радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойма Үлбі металлургиялық комбинатында, Ақтаудағы Қошқаратада, Степногорскіде бар. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Әрине, апат болса өте қауіпті екені рас. Ақылды адам өзгенің қателеріне қарап, өз қатесін түзейді. Сондықтан алдығы қатарлы принциптермен салынған стансияларды қарастыруымыз қажет. Болашақ — атом электр стансаларында»,— деді ол.

Оның атап өтуінше, АЭС салумен елдің энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді. Сондықтан Жылу электр орталықтары, жаңаратын энергия көздері салынады. Жалпы ЖЭО мен АЭС-тің пайдалы әсер коэфицентінде алшақтық бар. Мәселен, ЖЭО-ның пайдалы әсер коэфициенті көмірдің сапасына байланысты 40 пайызға ғана жетсе, АЭС-тің пайдалы әсер коэфициенті 70 пайыздан асады.

Ал Қазақстанның электро энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов ядролық энергетикаға көшу көмір өнеркәсібіне жұмсалатын шығындардың артуына ғана емес, көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігіне де байланысты екенін атап өтті.

«Энергетика секторының дамып келе жатқанына 7-10 жыл болып қалды, осындай жағдайда бізге нақты шешім қабылдау керек. Болашақта бізге не маңызды? Көмір өндірісін қолдауға қаражат құятын болсақ, біз экологиялық міндеттемелерімізді орындай алмаймыз. Немесе қазір біз даму векторымызды экологиялық тұрғыдан ыңғайлы бағытқа бұруымыз керек. Бұл — шығарындылары жоқ атом, қалдықтары өте аз мөлшерде қалыптасады, сондай-ақ 2 мыңдай жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар жоғары технологиялық нысанда жұмыс істейтін болады, олардың біліктілігі өседі.

Қазір біздің көптеген отандастарымыз атом электр станциясы арқылы өндірілетін электр энергиясы қымбат болады деп қателеседі. Біздің бағалауымыз бойынша, бұл біз көршілерімізден алатын ең жоғары жүктемелердегі энергия үшін төлейтін бағадан қымбат болмайды. Біз ең жоғары жүктемеге шамамен 30-40 теңге көлемінде көршілерімізден электр энергиясын сатып аламыз. Неліктен? Себебі бізде осы динамикалық құбылыстардың барлығын жеңілдететін бірыңғай сатып алу тетігі бар», — деп атап өтті Талғат Темірханов.

«ҚазАқпарат».

Басқа материалдар

Back to top button