Жаңалықтар

Әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету шаралары

Ақтөбе облысында кәсіпкерлік субъектілерінің еркін және әділ жұмыс істеуі үшін нақты тетіктер жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде атқарып отырған – өңірдің Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті.
Департамент қызметінің өзегі – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, нарықтағы монополиялық артықшылықтарды болдырмау және бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру. Бұл – экономиканың тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.
Мекеме қызметін екі бағытта жүргізеді. Біріншісі – бәсекелестікті қорғау, яғни, нарықтағы ірі ойыншылардың шектен тыс ықпалын бақылау. Екіншісі – бәсекелестікті дамыту, яғни, жаңа кәсіпорындардың еш кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасау.
Өткен жылы Департамент облыс аумағының түрлі тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жәй-күйіне 4 жоспарлы және 17 жоспардан тыс талдаулар жүргізіп, нарықтағы негізгі мәселелерді анықтады.
Мұнай өнімдерін сақтау нарығында «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ негізгі қуат иесі ретінде анықталып, барлық нарық қатысушыларына әділ және тең қолжетімділік қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл қадам нарықта бәсекелестіктің дамуына ықпал етіп, басқа қатысушылар үшін де тиімді жағдай туғызуға бағытталған.
Бұдан басқа, тауар нарықтарындағы кедергілерді анықтау және жою бойынша 20 отырыс өткізді. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға бәсекелестікті дамыту бойынша нақты ұсынымдар жолданды.
Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет түрлерін кеңейту де маңызды бағыттардың бірі болды. 111 мониторинг нәтижесінде, мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғалардың монополияға қарсы органның келісімін алмай, қызмет түрлерін жүзеге асыруына жол берілмеді. Бұл шаралар бәсекелестікті қорғауға және нарықта әділ бәсекелестік орнатуға бағытталды.
Бәсекелестікті дамыту бағытында Департамент монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысын беру туралы жергілікті атқару органдарының түскен 14 өтінішхаттарын қарап, нәтижесінде, ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын жеке нарықтың субъектілерінің болуына байланысты 13 өтінішхат бойынша жергілікті атқарушы органдарына келісім беруден бас тартылды.
Департамент мемлекеттік органдардан мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды құру немесе олардың қызметін кеңейту туралы өтініштерді қарап, олардың нарықтағы бәсекелестікке қалай әсер ететінін бағалайды. Көп жағдайда, нарықта бәсекелестік жақсы дамығандықтан және көптеген жеке кәсіпкерлер бар болғандықтан, бұл өтініштерді қабылдамайды.
Дегенмен, ерекше жағдайлар да болады. Мысалы, Ақтөбе қаласында 100% мемлекет қатысатын жаңа заңды тұлға құру туралы өтініш түсті. Оның мақсаты — алданған үлескерлердің мәселелерін шешу. Бұл заңды тұлға тұрғын үй құрылысындағы аяқталмаған нысандарды аяқтауды жоспарлады.
Департамент осы жағдайды ескере отырып, тұрғын үй құрылысының мәселелі нысандарын 5 жыл ішінде аяқтауды қамтамасыз ету үшін бұл заңды тұлғаны құруға келісім берді. Осылайша, алдағы 5 жыл ішінде бұл ұйым өз міндетін орындап, үлескерлердің мәселелерін шешкеннен кейін таратылады.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысында экологиялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірнеше шара жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама елдегі санитариялық тазалықты жақсарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыруды ұйымдастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында облыста бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызмет түрлері кеңейтілуде. Департамент өз тарапынан бұл қызметтерді жүзеге асыратын кәсіпорындардың нарыққа кіруін жеңілдетіп, бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді.
Егер, Сіз бәсекелестік заңнамасының бұзылуына немесе заңсыз әрекеттерге куә болсаңыз, Ақтөбе облысының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне хабарласуға болады. Мекенжайымыз: Абай даңғылы, 17, 305-кабинет. Байланыс телефоны: 8 (7132) 56-75-41.

 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің
бәсекелестікті дамыту бөлімінің басшысы Д.Избасова

Басқа материалдар

Back to top button