Арқан тартыстан ұлттық құрама: Қарсыластарымызға арнайы тактика құрып жатырмыз
АСТАНА. KAZINFORM – Түркі әлемі көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 16 күн қалды. Бүгінгі таңда ұлттық құрама спортшылары анықталып, қатысушылардың барлығы дерлік дүбірлі додаға толықтай дайын.
Арқан тартыстан ұлттық құрама 21 тамыз күні көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды дайындығын бастап кетті, деп хабарлайды «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
«Көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатырмыз. 7 қыркүйекке дейін осы орталықта жаттығуларымызды пысықтаймыз. Ұлттық құрамаға толық сенемін. Себебі бұл қыз-жігіттердің қауқарын наурыз айында өткен республикалық іріктеу ойындарында көргенмін. Басты қарсыластарымыз – Англия, Пәкістан және Қырғызстан. Олардың тартыстарын алдын ала зерттеп, тактика да құрып қойдық. Ел тарихында алтын әріптермен жазылатын доданың жеңіс тұғырынан көрінеміз деген үміттемін», – деді арқан тартыс федерациясының вице-президенті Нұрлан Жабаев.
Арқан тартыс федерациясының бас директоры Расул Тіленов спортшылар дүбірлі додаға толық дайын екенін айтты.
«Біз осыған дейін тек жаттығумен шектелмей, шекара асып турнирлерге де қатыстық. Атап айтар болсақ, Екатеринбург, Тюмень қалаларында өткен халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап қана қоймай, жеңіс тұғырынан көріндік. Енді бар күшімізді көшпенділер ойындарына саламыз», – деді федерацияның бас директоры.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында арқан тартыс федерациясы құрылды. Федерация Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ұлттық құрама жасақтау үшін республиканың барлық аймағында іріктеу ойындарын өткізді.