Ассамблея – бірлік пен татулық тұғыры
Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Осыншама этностың бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешуі, оларды ортақ мақсат-мүддеге ұйыстырып, ынтымақ пен келісім тұрақтылығын қамсыздандыру қай ел үшін де оңай шаруа болмаса керек.
Бұл – саналы саясаттың, сабырлы халықтың және бірлікке негізделген қоғамдық құрылымдардың жемісі. Сондай ұйытқышыл модельдердің бірі әрі бірегейі – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
1995 жылы құрылған бұл ұйымның басты мақсаты – ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайту, ұлтаралық татулықты бекемдеу. Ассамблея әр ұлттың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік беріп, оларды қазақстандық біртектілікпен ұштастырады. Ал әртүрлі бола тұра, біртұтастық идеясына шоғырлану – біздің еліміздің басты құндылығы.
Менің ойымша, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ауызбірлік пен толеранттылық символы. Ол адамдар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті арттырады. Ассамблеяның арқасында этностар бір-бірін жақсы танып, бірлесе дамуға жол ашады. Бұл көп этносты ел үшін өте маңызды.
Қазіргі таңда әлемнің түрлі нүктелерінде этносаралық қақтығыстар болып жатқанын көріп отырмыз. Ал Қазақстан бейбітшілікті, достықты үлгі етіп отыр. Мұның бір сыры – Ассамблеяның қызметінде. Бұл ұйым мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге де айналған.
Қорыта айтқанда, Ассамблея – ел бірлігінің кепілі. Оның арқасында елімізде татулық пен тұрақтылық салтанат құрып тұр. Осындай ұйым арқылы біз болашаққа сеніммен қадам басып келеміз.
Бағдагүл Чанчарова