Заң мен тәртіп құқықтық мемлекеттің негізі – Бақытжан Базарбек
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек қазіргі уақытта пайдаланылмаған және заңсыз жеке қолдарға берілген ауылшаруашылық жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша үлкен әрі күрделі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі таңда 12,1 млн. гектар жер қайтарылған, оның ішінде 4,9 млн гектары халық арасында бөлініп берілген, деп жазады Egemen.kz.

Баян СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Депутаттың айтуынша бұл тек құрғақ цифрлар емес.
Біріншіден шешімнің артында нақты адамдар тұр, олар өз тәжірибесінде әділдіктің бар екенін және мемлекет оның қалпына келтіру үшін шын мәнінде күресіп жатқанын дәлелдеді.
Екіншіден, қоғамдық санасында және саяси тәжірибеде жердің сатылмайтыны туралы түсінік орнығып жатыр. Президент атап өткендей, «жер – біздің басты байлығымыз. Онсыз біздің мемлекет те болмайды».
Үшіншіден, жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тек заңды түрде бөлініп берілуде.
Төртіншіден, жер тақырыбында саяси ұпай жинап, халықтың сенімін алуға және оны монетизациялауға тырысқан түрлі популистер мен псевдоактивистер әшкереленді.
«Ірі компаниялар мен кәсіпорындардың мүдделері бірнеше онжылдықтар бойы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерден жоғары болды. Оларға заңдар жазылды, стратегиялық активтер — су қоймалары, жерлер, жылу электр станциялары мен ГРЭС, ресурстар мен жер қойнауы өтті. Бұл — әлсіз мемлекеттің белгілері еді. Осы жерде әйгілі барлығы тең, бірақ кейбіреулер теңдерден тең, деген фразаны еске түсіруге болады. Бұл ескі тәртіптердің мәнін өте дәл береді. Бақытымызға орай, біздің ел үшін олар өткенде қалды. Енді бірінші орынға заң мен тәртіп келді. Мен заңгер ретінде айта аламын, бұл екі қағида — кез келген құқықтық мемлекеттің негізі. Олар абсолютті және әділдіктің өлшемі болып табылады», деді депутат.
Ол сондай-ақ жақында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының көптеген елдерге халықаралық ұйымдардың туы астында жалған демократиялық құндылықтар таңылып келгенін айтқанына тоқталды.
«Бұл ұйымдар миллиардтап келісімшарттар алған, оларды еш жерде жарияламай, өз мүдделерінде еркін пайдаланып келеді. Либералды құндылықтар мен «демократиялық мақсаттарға» сілтеме жасап, кейбір қазақстандық ұйымдар, белсенділер мен құқық қорғаушылар халықаралық қорлардың ақшасына еліміздегі кез келген оң өзгерістерді сынап, Қазақстан әрқашан үшінші әлем елдерінің бірі болып қалады, яғни «банандық республика» деп пікір таратып отырды. Бұдан бөлек, бұл үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар ішкі істерімізге ашық араласып, жүйелі түрде ақпараттық шабуылдар ұйымдастырып, халықты адастыру мақсатында популистік ұрандармен «прогресс пен демократия үшін» деп жасырын науқандар жүргізді. Біз барлығымыз айқын түсінуіміз керек, еліміздегі барлық маңызды реформалардың негізі — заң мен тәртіптің үстемдігін мүлтіксіз сақтау болып табылады», деді Бақытжан Базарбек.
Депутат қоғамда өзекті, қордаланған және әлі де болса да шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті екенін атап өтті.
«Біз соттарды реформалау туралы заңды қабылдап, Жоғарғы соттан дербес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттарды құрдық. Бірақ соттардың заңды күшіне енген шешімдері орындалмай келеді. Себебі барлықтарыңызға белгілі. Ол үшін әлі де заңнаманы жетілдіруіміз қажет, кем тұстарын қоғамның бүгінгі сұраныстарына сай өзгерту маңызды. Халықпен кешенді түрде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаның жоқтығы, құқықтық нигилизм мен адамдардың сана сезімінде заңды айналып өту, заңға бағынбау, заңның жетілмеген тұстары мен кемшілігін өз жеке пайдасына бейімдеу сияқты іс әрекеттер жиілеп кетті. Бірақ бүгінгі Парламент депутаттары мұндай қисынсыз әрекеттердің тамырына балта шауып келеді. Президентіміз айтқандай, «біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз». Яғни бәріміз бірге еліміздегі нақты өзгерістерге деген жұртшылық сенімін нық орнықтырамыз.Осылайша халқымыздың құқықтық мәдениетін, заңдық әлеуетін арттырамыз», деді депутат.