Цифрлық мектеп: ата-анаға ыңғайлы, оқушыға қолайлы қызмет.
Бүгінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсететін ашық мекеме. Ата-ананың мектепке келіп, кезек күтіп, қағаз толтырып әуре болатын уақыты артта қалды. Қазір барлық жұмыс цифрлық жүйе арқылы, ашық әрі түсінікті түрде жүргізіледі.
Сарбұлақ орта мектебінде де бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Біз үшін ең бастысы — келген әрбір ата-ананың өтініші дер кезінде, әділ әрі сапалы қаралуы. Мектеп ұжымы әрбір өтініш иесіне құрметпен қарап, қажетті ақпаратты толық беруге тырысады.
Ата-аналарды ең көп толғандыратын мәселенің бірі — баласын бірінші сыныпқа орналастыру. Бұрын бұл процесс ата-анадан көп уақыт пен құжат талап ететін. Ал қазір http://eGov.kz порталы арқылы барлығын үйде отырып-ақ рәсімдеуге болады. Өтінішті онлайн жіберіп, оның қабылданғанын, қаралып жатқанын телефон арқылы бақылауға болады. Бұл әсіресе жұмысбасты ата-аналар үшін үлкен жеңілдік.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін ата-анадан баланың туу туралы куәлігі мен денсаулық жағдайы туралы анықтама сұралады. Қалған ақпарат мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексеріледі. Осылайша, артық қағазбастылық азайып, процесс әлдеқайда жеңілдеді.
Мектеп тарапынан біз өтініштерді белгіленген мерзімде қарап, ата-аналарға нақты жауап беруге міндеттіміз. Егер өтініш беру кезінде түсініксіз жағдай туындаса, мектеп әкімшілігі кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Біздің мақсатымыз — ешбір ата-ана есіктен құр қол қайтпауы керек.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметті цифрландыру — халықтың сенімін арттыратын маңызды қадам. Қызмет ашық көрсетілсе, әділ шешілсе, адамдар мемлекеттік мекемеге сеніммен қарайды. Біз, Сарбұлақ орта мектебінің ұжымы, осы сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз.
Халыққа сапалы қызмет көрсету — бұл жай ғана міндет емес, бұл — біздің азаматтар алдындағы жауапкершілігіміз.
Сарбұлақ орта мектебінің директоры
Тотаева Гүлжазира Серікқызы