Колледж оқушылары жолдауды талқылады


Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауындағы басым бағыттар мен өзекті мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті. Оған колледж білім алушылары мен оқытушылар қатысты.
Іс-шара барысында тарих пәнінің оқытушысы Қызжібек Әмірова Президент Жолдауындағы жаңа міндеттерге тоқталса, арнайы пән оқытушысы, колледж кітапханасының меңгерушісі Райла Есқарина еліміздің экономикасы мен инфрақұрылымын дамыту, білім мен ағарту саласын жаңғырту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану, қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру сияқты маңызды мәселелерді оқушыларға түсіндірді.
Райла Есқаринаның айтуынша, колледж қабырғасында әр аптаның бейсенбісінде жасанды интеллект бойынша онлайн-тренингтер өткізіледі. Бұл тренингте Gemini көмегімен видео және анимациялық мультфильмдер жасаудың жолдары үйретіледі.
— Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында «Интернет қоғамдық санада тұтыну мен көңіл көтерудің ғана емес, жасампаздық пен еңбектің виртуалды аумағына айналуы керек», — деген болатын. Расымен де қазір кез келген ақпаратты интернеттен лезде табамыз. Смартфонды байланыс құралы ғана емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік көп. Бүгінде Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде 2 220 оқушы 11 мамандық бойынша білім алуда. Бір қуантарлығы, олардың арасында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, жоба жасағандар да бар. Студенттер ғана емес оқытушылар да апта сайын өтетін тренингте цифрлық сауатын жетілдіре алады. Оларға колледж оқытушысы Махаббат Ғалымжанқызы дәріс береді, — дейді ол.
Оқытушының басты міндеті — жастарға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда Жолдауда педагогтардың жұмысын қиындататын артық қағазбастылық пен бітпейтін есептілікті азайту қажеттігі нақты айтылды. Қызжібек Әмірова Мемлекет басшысының цифрлық платформалар мен жаңа жүйелер мұғалім мен оқытушыға қосымша жүктеме емес, керісінше, уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдететін көмекші құрал болуға тиіс деген ойын қолдайды. Себебі оқытушы қағазбастылықтан гөрі кәсіби біліктілігін арттыру, отандық ғылымды дамыту және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеуге баса назар аударса білікті мамандардың қатары артады.
— Ұстаздың абырой-беделін қорғау, оқу орнындағы қарым-қатынаста оқушы мен студент, ата-ана, ұстаз және әкімшіліктің ортақ жауапкершілігін сақтау өте маңызды. Инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлініп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастарға қолайлы орта, қажетті инфрақұрылым және білікті мамандар даярлау міндеті қойылды. Бұл — әрбір азаматтың тең дәрежеде сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ететін қадам. Ал бұл бағыттың білім алушылар үшін мәні зор. Себебі бүгінгі білім алушы — ертеңгі ел тізгінін ұстайтын маман. Ертең қай салада еңбек етсеңдер де, диплом алумен шектелмей, өмір бойы үздіксіз білім алу, цифрлық дағдыларды меңгеру, сыни ойлау және өз ісіңе жауапкершілікпен қарау — бәсекеге қабілетті болудың басты шарты. Бүгінгі таңда жұмыс берушілерге тек теорияны жаттаған түлек емес, тәжірибеге бейім, жаңа технологияны еркін меңгерген және командамен жұмыс істей алатын маман қажет, — дейді оқытушы.
Жиын соңында білім алушылар өзара пікір алмасып, спикерлерге сұрақтарын қойды. Сондай-ақ колледждің белсенді оқушысы Мұқағали Маралұлы ел дамуы үшін айқындалған міндеттердің маңызын талқылап, білім берудің озық үлгісін жетілдіруге үлесін қосатынын жеткізді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА

