Жаңалықтар

Ақтөбеде медицина саласындағы реформалар мен жаңа бастамалар талқыланды


Ақтөбе қаласында көпбейінді балалар ауруханасын салу – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген маңызды бастамалардың бірі. Бұдан бөлек, еліміздің жеті қаласында балалар ауруханасы, ал республика бойынша сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланған.
Осы және денсаулық сақтау саласына қатысты өзге де бастамалар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде өткен кездесуде талқыланды.

Басқосуға оқу орны ректоры Талғар Әбілов, «Әділет» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Анар Даржанова, «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық,

университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушылары қатысты.

Анар Даржанова Президент Жолдауындағы «Халықтық құрылыс» бастамасы елдегі ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілгенін атап өтті.

— Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бағдарлама барлық өңірлердегі әлеуметтік нысандарды, көлік инфрақұрылымын, коммуналдық желілерді және тұрғын үй құрылысын қамтиды. Алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде республика бойынша сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Олардың бірі Ақтөбе қаласында бой көтереді, – деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, Ақтөбеде салынатын жаңа көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жобалық қуаты 200 төсек-орынға есептелген. Жобаны іске асыру 2027–2029 жылдарға жоспарланған. Жаңа медициналық мекеме балаларға көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, заманауи диагностикалық әдістерді енгізуге және стационарлық емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Университет ректоры Талғар Әбілов Жолдауда медициналық қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға қатысты көтерілген бастамаға тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласындағы мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам маманды қамтиды деп күтілуде. Ректордың пікірінше, бұл бастама медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Әлішер Тыныштық пен университет оқытушысы Айнұр Жанғалиева адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды ұштастыру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелерін қозғады. Аталған бағыттардың барлығы Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапқан.​​

– Жаңа тарихи кезеңде үздіксіз білім алуға, сыни ойлауға және өзгерістерге бейімделуге қабілетті мамандар қажет. Бұл, әсіресе, медицина саласы үшін маңызды. Себебі кәсіби білім мен дағдыларды үнемі жетілдіріп отыру – осы саланың басты талаптарының бірі. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері тәжірибеде қолданылып, қоғамға нақты пайдасын тигізуі керек. Президент Жолдауында жастарға үлкен үміт артып, «Жастарымыз білімді әрі жасампаз» деп атап өтті. Ендеше, тек білімді ғана емес, еліне адал қызмет ететін азамат болуға ұмтылайық! – деді Айнұр Жанғалиева.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект технологияларын қолдану білім беру мен ғылыми зерттеулерге тың мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Дегенмен бұл үдерісте академиялық адалдық қағидаттарын сақтау және жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету маңызды екенін жеткізді.

Жалпы, кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сала мамандарын қолдау және заманауи технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.

Ашық диалог форматында өткен басқосуда университет оқытушылары мен білім алушылары спикерлерге сұрақ қойып, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Басқа материалдар

Back to top button