ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ЖАУАПТЫ ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңді бастап, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту және қоғамның ортақ құндылықтарын нығайту бағыттарын айқындады.
Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы, қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құжат әрі ел дамуының негізгі бағдарын айқындайтын заңдық негіз. Онда мемлекеттің құрылымы ғана емес, адам мен мемлекет арасындағы қатынастардың қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері және қоғамның болашаққа ұстанымы көрініс табады. Сондықтан Конституцияның мазмұнын түсіну – әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттырудың маңызды шарты.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Ата Заң күшіне еніп, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңі басталды. Бұл өзгеріс мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңартумен қатар, қоғамдық өмірдегі негізгі құндылықтар мен ұзақмерзімді даму басымдықтарын айқындады.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде Қазақстан халқының бірлігі, тарихи сабақтастық, егемендік пен тәуелсіздікті сақтау, адам құқықтарын құрметтеу, білім мен ғылымды дамыту, табиғатты аялау және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтар қамтылған. Мұның бәрі Ата Заңның тек мемлекеттік басқару жүйесін реттейтін құжат емес, қоғамның ортақ бағдарын айқындайтын негіз екенін көрсетеді.
Жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адам, оның өмірі, қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары. Конституцияның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітілген. Бұл қағидат мемлекеттің қызметі азаматтардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуға тиіс екенін білдіреді.
Адам құқықтарын құрметтеу күнделікті өмірде нақты көрініс табуы қажет. Әр азаматтың заң алдында тең болуы, өз құқығын қорғауға мүмкіндік алуы, жеке өмірінің құпиялығы сақталуы және заңсыз әрекеттерден қорғалуы – құқықтық мемлекеттің маңызды белгілері.
Жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұғылмау, дербес деректерді заңсыз жинаудан және пайдаланудан қорғау, хат-хабарлар мен байланыс құпиясын сақтау мәселелеріне де назар аударылған. Бұл талаптар цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын қазіргі кезеңде ерекше өзекті. Өйткені адамның құқықтарын қорғау дәстүрлі қоғамдық ортада ғана емес, электрондық қызметтер мен цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етілуге тиіс.
Сонымен бірге Ата Заңда мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алу құқығы бекітілген. Мұндай норма азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілік қатынасын айқындап, мемлекеттік қызметтің заң талаптарына сай жүзеге асырылуының маңызын көрсетеді.
Азаматтардың құқықтарын білуі де осы үдерістің ажырамас бөлігі. Өз құқығын білетін адам заңсыз әрекетке бейжай қарамайды, қажет болған жағдайда сотқа жүгініп, заң көмегін алуға ұмтылады. Сондықтан құқықтық ағарту жұмыстары халықтың барлық санатына түсінікті әрі қолжетімді болуы маңызды.
Құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі – Конституция мен заңдардың үстемдігі. Жаңа Ата Заңға сәйкес, Конституция ең жоғары заңдық күшке ие және Қазақстанның бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмеуге тиіс.
Бұл талап мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың қызметі құқықтық нормаларға негізделуі қажет екенін білдіреді. Заң талаптарын сақтау қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Жаңа Конституцияда қылмыстық процестегі бірқатар маңызды кепілдіктер адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітілген. Олардың қатарында адам ұсталған сәттен бастап қорғаушының көмегін пайдалану, бостандығын шектеуге сот арқылы бақылау жасау, өзіне және заңда белгіленген жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы бар.
Кінәсіздік презумпциясы дегеніміз – адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге дейін оның кінәсіз деп есептелуі. Бұл қағидат әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, әділ сот талқылауының маңызын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мұндай құқықтық кепілдіктердің тиімділігі олардың мәтінде көрсетілуімен ғана өлшенбейді. Оларды мемлекеттік органдардың күнделікті қызметінде мүлтіксіз сақтау, азаматтарға түсіндіру және құқық бұзылған жағдайда қорғану тетіктерінің қолжетімді болуы шешуші рөл атқарады.
Жаңа Конституция мемлекеттік билікті ұйымдастырудың және қоғамдық мүдделерді білдірудің құқықтық негіздерін де айқындайды. Ата Заңда Қазақстанның президенттік республика екені, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және оның заң шығарушы, атқарушы әрі сот тармақтарына бөліну қағидаты сақталған.
Конституциялық жаңартулар аясында заң шығарушы биліктің жаңа моделі және Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық негіздері қарастырылған. Қазақстан Халық Кеңесі халықтың мүдделерін білдіретін жоғары өкілді орган ретінде белгіленіп, оған заң шығару бастамасы құқығы берілген. Бұл қоғамдық ұсыныстарды мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне жеткізудің қосымша институционалдық тетігін қалыптастырады.
Мұндай өзгерістердің маңызын түсіну үшін азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу құқығына назар аудару қажет. Конституция бойынша халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі болып табылады. Азаматтар өз еркін республикалық референдум және еркін сайлау арқылы білдіреді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметі арқылы ел басқаруға қатысады.
Демек, қоғамдық белсенділік тек сайлау кезінде дауыс берумен шектелмеуге тиіс. Азаматтардың қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысуы, заңды ұсыныстар білдіруі, жергілікті бастамаларды қолдауы және мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заңды ақпарат алуы да маңызды.
Сонымен бірге мемлекеттік басқарудың тиімділігі қабылданатын шешімдердің сапасына, олардың орындалуына және қоғам алдындағы жауапкершілікке байланысты. Жаңартылған құқықтық негіздер іс жүзінде нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдардың қызметі заңдылық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына сүйенуі керек.
Жаңа Конституцияда Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарының қатарына адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту енгізілген. Бұл – елдің болашағын қалыптастыруда экономикалық көрсеткіштермен қатар, азаматтардың білімі, кәсіби қабілеті және шығармашылық әлеуеті маңызды екенін білдіретін қағидат.
Бүгінгі әлемде технологиялық өзгерістер, цифрландыру және еңбек нарығындағы жаңа талаптар мемлекеттерден үнемі жаңарып отыруды қажет етеді. Мұндай жағдайда сапалы білім беру, ғылыми зерттеулерді қолдау және инновациялық шешімдерді дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторларға айналады.
Адами капиталға басымдық беру әрбір баланың сапалы білім алуына, жастардың қабілетін ашуына және азаматтардың кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік жасауды көздейді. Бұл бағыт білім беру ұйымдарының ғана емес, отбасының, қоғамның, жұмыс берушілердің және мемлекеттік институттардың бірлескен жауапкершілігін талап етеді.
Ғылым мен инновацияны дамыту да осы міндетпен тығыз байланысты. Ғылыми жетістіктер өндірістің тиімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан білім мен ғылымға салынған инвестицияны елдің ұзақмерзімді өркендеуіне бағытталған маңызды қадам ретінде қарастыруға болады.
Ата Заңның мазмұнында тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, жалпыұлттық бірлікті нығайту және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттары да көрініс тапқан.
Қазақстанның қоғамдық тұрақтылығы мен дамуы азаматтардың ортақ құндылықтарды құрметтеуіне, өзара сыйластығына және ел болашағына жауапкершілікпен қарауына байланысты. Тарихи мұраны сақтау өткенді құрметтеумен ғана шектелмейді. Ол ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және мәдени сабақтастықты жалғастыруға ықпал етеді.
Экологиялық жауапкершіліктің конституциялық деңгейде бекітілуі де қазіргі кезеңнің талаптарына сай келеді. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалдыру – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.
Бұл қағидаттардың күнделікті өмірдегі маңызы зор. Қалалар мен елді мекендердің тазалығын сақтау, табиғи байлықтарға ұқыпты қарау, қалдықтарды ретсіз тастамау және экологиялық бастамаларға қатысу азаматтық мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы керек. Қоғамдық жауапкершілік әр адамның өз ортасына саналы көзқарасынан басталады.
Жаңа Конституцияның қабылдануы мен күшіне енуі – құқықтық жүйені жаңартумен қатар, қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Алайда Ата Заңның қағидаттары әр азаматқа түсінікті болып, күнделікті өмірде басшылыққа алынғанда ғана оның қоғамдық маңызы толық ашылады.
Осыған байланысты Конституция нормаларын халыққа қарапайым әрі нақты тілмен түсіндіру жұмыстарының рөлі арта түседі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ұйымдарда құқықтық ағарту ісін жүйелі жүргізу қажет. Азаматтар өз құқықтарын ғана емес, заң талаптарын орындау, басқа адамдардың бостандығын құрметтеу және қоғам алдындағы міндеттерін сезіну маңызын да түсінгені жөн.
Конституцияның тиімділігі мемлекеттік институттардың қызметінен де, азаматтардың құқықтық мәдениетінен де көрінеді. Заңды құрметтеу, қоғамдық келісімді сақтау, жауапты еңбек ету және елдің дамуына үлес қосу – жаңа конституциялық құндылықтарды күнделікті өмірде іске асырудың нақты көріністері.
Қорытындылай айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңартып, адам құқықтарын қорғау, қоғамдық қатысуды кеңейту және ұзақмерзімді даму басымдықтарын бекіту бағыттарын айқындады. Оның қағидаттарын терең түсіну мен құрметтеу – мемлекеттік органдардың да, әрбір азаматтың да ортақ міндеті. Өйткені құқықтық мемлекет құру тек заң нормаларын қабылдаумен аяқталмайды: ол сол нормалардың іс жүзінде орындалуынан, әділдік қағидаттарының сақталуынан және қоғамның ортақ жауапкершілігінен басталады.
Қобба ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы керекмағанбетов Нұрлыбек Құтжанұлы