Қазақстан мен Корея Республикасы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамытып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары – Премьер-Министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев бастаған Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясы бірқатар кездесулер өткізіп, ғарыш саласындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды.
Олардың қатарында ҚР ЖИЦДМ жанындағы Аэроғарыш комитеті мен Кореяның аэроғарыш агенттігі (KASA) арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары талқыланды.
Ғарыш саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге ҚР ЖИЦДМ жанындағы Аэроғарыш комитеті, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және CONTEC Co., Ltd. компаниясы қол қойды.
Келісім спутник жасау, жерүсті инфрақұрылымын дамыту, Жерді қашықтан зондтау деректерін өңдеу және коммерцияландыру, сондай-ақ Қазақстан, Корея Республикасы, Орталық Азия елдері және басқа да мемлекеттер нарықтарындағы қатысуды кеңейту бағыттарында стратегиялық өзара іс-қимылды көздейді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Ghalam» ЖШС, CONTEC Co., Ltd. және APSI арасында қазақстандық «Ghalam» ЖШС-мен технологиялық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Құжат кәсіпорынның әлеуетін нығайтуға және жаңа технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Ынтымақтастықтың практикалық жалғасы ретінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Nara Space Technology Inc. арасында Қазақстан аумағындағы метан шығарындыларын мониторингтеу үшін спутниктік деректер ұсыну туралы келісім жасалды.
Келісім GYEONGGISat-2A және GYEONGGISat-2B спутниктерінен, сондай-ақ метан шығарындылары көздерін бақылауға арналған NarSha спутниктік тобынан деректер ұсынуды көздейді. Алынған ақпаратты Қазақстанның мемлекеттік органдары мен өнеркәсіп саласының өкілдері пайдалана алады.
Спутниктік деректерді қолданудың негізгі бағыттарының бірі мұнай-газ саласындағы нысандардан, соның ішінде мұнай өңдеу кәсіпорындары мен табиғи газ инфрақұрылымынан шығатын метан шығарындыларын мониторингтеу болады. Деректерді MRV (Measurement, Reporting and Verification) жүйелері аясында өлшеу, есептілік және верификация бойынша талдамалық ақпарат қалыптастыру үшін де пайдалануға болады.
Анықтама үшін:
CONTEC Space Group – Кореяның жетекші жекеменшік ғарыш компанияларының бірі. Оның негізін қалаушы Корей аэроғарыштық зерттеулер институтында (KARI) 16 жыл жұмыс істеген. Топ құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Компания Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне борттық компьютерлер жеткізеді және әлем бойынша Чилиде, Аляскада, Техаста, Оңтүстік Африка Республикасында және Аустралияда орналасқан 17 жерүсті станциясын басқарады. Сонымен қатар Kongsberg Group, Safran және басқа да әлемдік сала өкілдерімен әріптестік байланыс орнатқан.
Nara Space Technology Inc. – шағын спутниктер мен метан шығарындыларын мониторингтеуге арналған спутниктік шешімдерді әзірлеу және пайдалану бағытында маманданған оңтүстіккореялық компания. GYEONGGISat-2A және GYEONGGISat-2B спутниктерін компания Кёнгидо провинциясымен әріптестікте әзірлеген.