Қазақстанның су шаруашыоығына екі жылда рекордтық 677 млрд теңге инвестиция тартылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға инвестиция тарту жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. 2024-2025 жылдары, яғни министрлік құрылғаннан кейінгі кезеңде инвестиция көлемі алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 79%-ға өсті.
2024-2025 жылдары тартылған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 677 млрд теңгені құрады. Бұл 2022-2023 жылдармен салыстырғанда шамамен 300 млрд теңгеге көп. Ол кезде су саласын дамытуға 377,9 млрд теңге инвестиция тартылған болатын.
Тартылған инвестициялар ең алдымен су шаруашылығы инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталып жатыр. Атап айтқанда, халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар және басқа да нысандар қамтылған.
Бұл жұмыстар қолданыстағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға және суды жинақтау мен бөлу үшін жаңа қуаттар құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде инвестициялар сумен жабдықтау сенімділігін арттырып, су шығыны көлемін азайтуға және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға бағытталады.
Инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалардың қатарында Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу, Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу және басқа да ауқымды жобалар бар.
🗣️«Инвестициялар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, яғни су қоймаларын, каналдар мен басқа да нысандарды салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға тартылады. Бұл ретте халықаралық ынтымақтастық қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ заманауи технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды, кадрлық және ғылыми әлеуетті нығайтуды, сондай-ақ озық тәжірибе алмасуды көздейді»,
– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.