Жаңалықтар

ҚОБДАЛЫҚ 60 ЖАС АЛҒАШ РЕТ САЙЛАУҒА ҚАТЫСАДЫ


Қобда ауданында Құрылтай сайлауына дайындық ерекше екпінмен жүргізіліп жатыр.  Осы өлкедегі
аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ботагөз Отаралованың айтуынша, науқан кезінде аудан бойынша 28 сайлау учаскесі жұмыс істемек.

Негізінен мектеп, ауылдық клубтарда орналасқан сайлау учаскелеріне комиссия мүшесі ретінде 152адам жұмылдырылған. Олар 9 910 сайлаушының кедергісіз дауыс беріп, өз таңдауын жасауына атсалыспақ.

Қазірдің өзінде саяси оқиғаны өткізуге қажетті материалдық-техникалық база жайы ұйымдастырылып үлгерген. Барлық сайлау учаскесі сайлаушыларға арналған ақпараттық бұрыш, кандидаттар туралы мағлұматты көрсететін стенд, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы құралдар — пандус, қоңырау шалу түймелері, ақпарат жинақтары, нұсқаулықтармен жабдықталыпты. Ауданда аталған топқа жататын 60 тұрғын бар.

— Мүмкіндігі шектеулі адамдарға болсын, қай санаттағы азаматтарға да қолайлы жағдай жасау, қиындықсыз дауыс беруін ұйымдастыру — сайлау комиссиясы мүшелерінің басты міндеті. Осы мақсатта бекітілген жоспарға сәйкес сайлау заңнамасы мен сайлауды ұйымдастыру бойынша әріптестерге оқыту семинарлары өткізілді. Ал сайлаушыларға шақыру қағазы таратылды. Қазіргі таңда еліміздегі саяси оқиғаға Қобда ауданы дайын деуге толық негіз бар. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар да жұмыла қолдау көрсетті.

Сайлау науқаны кезінде үздіксіз байланыс ерекше маңызды екені белгілі. Аудандағы барлық сайлау учаскесі стационарлық телефонмен қамтамасыз етілді, — дейді Қобда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ботагөз Отаралова.

Оның айтуынша, аталған сайлауда кәмелет жасына толған 60-тан астам қобдалық жас алғаш рет дауыс бергелі отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button