АуданЖаңалықтар

Мемлекеттік қызмет – білім мен біліктілікті ел игілігіне бағыттайтын жауапты жол


Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды өзгерістер кезеңі басталды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді. Жаңа құжат мемлекеттік қызметтің мазмұнын жаңғыртып, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруды және кадрлық процестерді цифрландыруды көздейді.                      Мемлекеттік қызметке білікті, қабілетті және жаңашыл ойлайтын жас мамандарды тарту – мемлекеттік кадр саясатының басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта жаңа Заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институты енгізілді. Себебі елдің тұрақты дамуы, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы кәсіби білімі терең, жауапкершілігі жоғары әрі отаншыл кадрларға тікелей байланысты.               Жастарды қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тетігінің кеңейтілуі. Егер 2023 жылдан бастап мұндай мүмкіндік мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған үздік түлектерге ғана берілсе, жаңа Заңға сәйкес биылдан бастап оқуын ақылы негізде үздік аяқтаған түлектер де аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындала алады.                               Бұл – ел дамуына өз үлесін қосуды мақсат еткен жастарға мемлекет тарапынан көрсетілген зор сенім. Алайда бұл мүмкіндікті дайын жетістік ретінде емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін міндет ретінде қабылдау қажет. Мемлекет сенім артқан әрбір жас маман өзіне жүктелген міндетті адал еңбекпен, кәсібилікпен және жоғары жауапкершілікпен атқаруы тиіс.                         Осы жаңашылдықтың нәтижесінде Қобда ауданында үш жас маман аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз қабылданды. Бүгінде Аружан Тұяқ , Дана Таласова және  Бибинұр Каратаева  өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Олар – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлектері. Қазіргі таңда Аружан Тұяқ Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінде бас маман, Дана Таласова Қобда ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, ал Бибинұр Каратаева жетекші маман қызметтерін атқаруда. Мемлекеттік қызметке алғаш келген жас маман үшін жаңа ортаға бейімделу, қызметтік міндеттерді меңгеру және құжаттармен жұмыс істеу – үлкен тәжірибе мектебі. Алғашқы кезеңде әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, тәжірибелі әріптестердің кәсіби кеңесіне сүйену маңызды. Бұл ретте аға буын мемлекеттік қызметшілердің тәжірибесі мен қолдауы жас мамандардың қалыптасуына зор ықпал етеді.    Мемлекеттік қызметші – өз саласының маманы ғана емес, халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір. Сондықтан қызметтік міндеттерді орындауда кәсіби сауаттылықпен қатар әдептілік, сабырлылық, адалдық және жауапкершілік ерекше маңызға ие. Азаматтардың әрбір өтінішіне мұқият қарап, олардың мәселесін заң талаптарына сәйкес әрі сапалы шешуге ұмтылу – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті.                                  Жас мамандарға айтарым: мемлекеттік қызмет – елге қызмет етудің үлкен мектебі. Бұл жолды таңдаған әрбір жас өзінің білімі мен қабілетін туған елінің игілігіне жұмсап, мемлекетіміздің өркендеуіне лайықты үлес қоса алады. Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет қана емес, ел болашағына қызмет етудің жауапты жолы.

Салтанат Нұрмағамбетова
Қобда ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы

 

Басқа материалдар

Back to top button