Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы — ел өміріндегі маңызды тарихи әрі қоғамдық-саяси науқан. Бұл сайлау азаматтардың еркін білдіруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді деп сенемін.
«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының Ақтөбе облыстық филиалы ретінде біз бұл науқанның заң талабына сай, ашық әрі әділ өтуіне үлес қосуды басты міндет санаймыз. Облыста жұмыс істейтін 511 ашық сайлау учаскесінің әрқайсысына байқаушы дайындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 300-ден астам байқаушы оқытылып, оларға сайлау күні атқаратын міндеттері мен құқықтары жан-жақты түсіндірілуде. Бұл жұмыс облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласын қамтып отыр.
Біздің мақсатымыз — әрбір сайлау учаскесінде дауыс беру процесінің заң аясында, әділ әрі шынайы өтуін бақылау. Алдағы сайлауда таңдалатын әрбір депутат халықтың сенімін ақтап, елдің дамуына адал қызмет етеді деп үміттенеміз.
Құрылтай депутаттарын сайлау еліміздің одан әрі дамуына серпін беріп, жаңа бастама мен оң өзгерістің негізін қалайды деген сенімдеміз.
Нұржан Шаңғытбаев,«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы облыстық филиалының төрағасы