БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ ТОП ЖАРҒАН ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгінгі күнде оқушылардың оқу-танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын дамыту мақсатында өткізілген пәндер олимпиадасы өз мәресіне жетті. Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері: дарынды оқушыларды анықтау және олардың қабілеттерін жан-жақты ашуға жағдай жасау, мектептегі білім сапасын арттыру.
Осы орайда Қобда қазақ орта мектебінің ғимаратында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалардан жүлделі орын алған оқушыларды марапаттау шарасы өтті. Аталған іс-шараға аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов, ардагер ұстаздар мен білім беру мекемелерінің басшылары және олимпиада жеңімпаздары қатысты. Салтанатты шараны білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов ашып, «Бүгін біз ауданымыз бойынша білім ошақтарын республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген білімді шәкірттерімізді мақтан ете отырып марапаттау үшін жиналып отырмыз. Білімді жас елдің болашағы, баға жетпес қазынасы. Болашақта егеменді еліміздің тарихын арқалап, болашағын айқындайтын дарынды жастар мына сіздер. Сіздердің ауданымыздың абыройын асқақтатып, ауданымызға қосқан үлестеріңізбен мақтанамыз!»,- деп барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, бірқатар оқушыларды дипломмен марапаттап, бағалы сыйлыққа планшет табыстады. Одан әрі аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев : «Болашақ – білімді, білікті азаматтардың қолында. Ал, ол азаматтар сіздерсіздер. Сіздердің осындай жетістікке жетулеріңізде сапалы білім берген ұстаздарыңыз бен тәлім-тәрбие нәрімен сусындатып отырған ата-аналарыңызға алғыс айтамын.Бүгінде елімізде білім саласына ерекше қамқорлық жасалып, үлкен көңіл бөлініп отыр. Сондықтан әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кемел болашаққа нық қадам басуларыңызға тілектеспін. Жеңісті күндеріміз көп болсын» деді аудан әкімі өз құттықтауында.Содан кейін 2023-2024 оқу жылында білім додаларында жүлдеге ие болған оқушыларды құттықтап, марапаттарын табыс етті. Сонымен қатар, оқушылардың аудан абыройын асқақтатып, олжалы оралуы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының елеулі еңбегі екендігін атап өтіп, балалардың алдағы уақытта да оқуда озат болуына тілектестігін білдірді. Ең үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарды дайындаған жетекшілеріне аудан әкімінің Алғыс хатымен ақшалай сертификаттарын табыстады.
Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Зейнеткер ұстаздар Гүлмаржан Есенгулова, Гүлжамал Калжигитова, Назифа Алдрабекова, Дәмелі Жиенбековалар да жеңіс тұғырынан көрінген оқушыларға тілектерін білдіріп алғыс хаттарды табыстады. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Сондықтан, Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ.Олимпиада жеңімпаздары мен ұстаздарын құттықтай отырып, үлкен жетістіктер тілейміз!
Анаргүл ЕГІЗБАЕВА.