Ақтөбеде «Жас сарбаз -2026» облыстық әскери-спорттық сайысы өтіп жатыр

Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында облыс жастары арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған «Жас Сарбаз-2026» әскери-спорттық сайысы басталды. Ауқымды шараға өңірдің белсенді жастары қатысуда. Жалпы сайысқа 52 қатысушы тартылған.
Сайыс бағдарламасы батыр қыз Әлия Молдағұлованың рухына тағзым етіп, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Ресми ашылу салтанатында Ақтөбе облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Санжар Жайлыбай, Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев және Ауған соғысының ардагері, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Қазіргі уақытта сайыстың негізгі кезеңдері өтіп жатыр. Атап айтқанда, қатысушылар саптық дайындық, кедергілер жолағы және физикалық жаттығулар бойынша бақ сынасады. Сондай-ақ, «Шебер сарбаз» кезеңі мен патриоттық квиз ұйымдастырылып, қатысушылардың білім деңгейі мен әскери машықтары кешенді түрде бағаланады.
Сайыс аясында қатысушыларға Әлия музейіне экскурсия ұйымдастырылып, тарихи-танымдық мазмұндағы ақпараттар ұсынылады. Бұл өз кезегінде жастардың тарихи санасын қалыптастыруға және ел тарихына деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Күн қорытындысы бойынша үздік командалар мен қатысушылар марапатталып, жеңімпаздар анықталады.