Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде кең көлемді «Таза қала» акциясы өтті

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында екі айлық тазалық акциясы жүйелі түрде жалғасуда. Апта сайын өңір тұрғындары, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, бизнес қауымдастық өкілдері, еріктілер мен студенттер санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Осы игі бастама аясында бүгін Ақтөбе қаласында «Таза қала» ұранымен кезекті ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Акцияға жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және белсенді тұрғындар қатысып, қала көшелері мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, аумақтарды абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау, ретсіз төгілген қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық акцияның маңыздылығына тоқталып, тазалық мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет екенін атап өтті.

«Мұндай тазалық акциялары – әр азаматтың туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. “Таза Қазақстан” бастамасы аясында жүзеге асып жатқан шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және оны күнделікті өмір салтына айналдыруға үлкен серпін береді. Тазалық – тек сыртқы көрініс емес, ол – біздің ішкі мәдениетіміздің айнасы. Сондықтан қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, табиғатты аялау – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы олардың азаматтық жауапкершілігінің артып, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді», – деді ол.

Айта кетейік, өңірде екі айлық акция басталғалы бері сенбіліктерге 32 мыңнан астам адам қатысты. Тазалық жұмыстары барысында көшелер, саябақтар мен шағын бақтар ретке келтірілді. 1200-ден астам заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, жойылды. Нәтижесінде 680 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.

Мұндай ауқымды шаралар өлкенің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Басқа материалдар

Back to top button